Меню KDT




«Әйел атты ұлылық!» әдеби-музыкалық қойылым



Астана қаласында көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған мазмұнды әрі тағылымды конференция ұйымдастырылды. Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығының қолдауымен өткен рухани жиын қазақ поэзиясының көрнекті өкілінің шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналды. Конференцияға келген құрметті қонақтар алдымен Фариза Оңғарсынованың құрметіне жасалған барельефтің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, ақын рухына тағзым етті. Бұл сәт ұлт руханиятындағы Фариза поэзиясының мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айшықтай түсті. Одан кейін қонақтар «Фаризатану» кабинетінде мектеп оқушыларының ақын өлеңдерін мәнерлеп оқуын тамашалап, жырдан шашу шашқан жас буынның рухани дайындығына куә болды. Мерейтой аясында ақынның отбасы тарту еткен киіз үй таныстырылып, ұлттық дәстүр мен рухани сабақтастық кеңінен насихатталды.

Конференция алдында көрермендер назарына «Әйел атты ұлылық!» әдеби-музыкалық қойылым ұсынылды. Қойылымда Фариза Оңғарсынованың балалық шағы, өмір жолы, алғашқы махаббат, адалдық пен асқақ рух, қайсар мінезі көркем бейнеленді. Сахналық қойылымда мектеп ұстаздары мен оқушылары өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Жиын барысында Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов сөз сөйлеп, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда ақынның шығармаларының тәрбиелік, рухани маңызы ерекше атап өтілді.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев өз сөзінде білім беру ұйымдарына ұлы тұлғалардың есімін беру жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің маңызды бағыты екенін атап өтті. Ал Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының директоры Нұрлан Ысқақов мектепте «Фаризатану» кабинетінің жаңартылып, ақын мұрасын жүйелі түрде насихаттауға барлық жағдай жасалғанын жеткізді.

Конференция барысында «Ф.Оңғарсынова поэзиясы: нәзіктік пен қайсарлық», «Фариза поэзиясы: ұлттық мүдде және жаһандық бағыттағы зерттеулер», «Біртұтас тәрбие бағдарламасы және ұлттық құндылықтар» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасалды. Ақын шығармашылығының философиялық, тәрбиелік, азаматтық қырлары жан-жақты талқыланды.

Тағылымды жиынға ақынның жақын туыстары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысып, Фариза Оңғарсынова туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Конференция ұлы ақынның рухани мұрасын ұлықтаған, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған маңызды мәдени-рухани шара ретінде жоғары бағаланды.