Меню KDT




Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған республикалық семинар



Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай 16 мамыр күні Астана қаласы Әдістемелік орталығы мен мектеп-гимназиямыздың бастауыш сыныптары бірлесе ұйымдастырған «Бастауыш сыныпта білім беру: теориясы, тәжірибесі және даму тенденциялары» тақырыбында республикалық семинар өткізілді.

Семинардың мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістіктерін арттыру жолдарын теориялық тұрғыда негіздеу, тиімді әдіс-тәсілдердің нәтижелілігін тәжірибе арқылы көрсету және заманауи әдістемелік үлгілерді ұсыну. Іс-шара мектеп оркестрінің орындауындағы қазақ күйлерімен басталып, қонақтарды жылы қарсы алу арқылы ынтымақтастық атмосферасы қалыптастырылды. Ақынның мерейтойына орай ашылу салтанатында 1-сыныптың 85 оқушысынан құралған «Фариза мектебі» хоры ән шырқап, халықаралық байқаулардың жүлдегері «Айша Бибі» би ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар 3-сынып оқушылары Ф. Оңғарсынованың өлеңдерін жатқа оқыды.

Семинар «Пленарлық бөлім», «Секциялық жұмыстар», «Сыныптан тыс іс-шаралар», «Үйірме жұмыстары» және «Кері байланыс» бөлімдерінен тұрды. Пленарлық бөлімде ғалымдар мен педагог-зерттеушілер бастауыш білім берудің өзекті мәселелері мен даму бағыттары жөнінде тәжірибелерімен бөлісті.

Секциялық жұмыстарда Астана, Алматы, Екібастұз, Семей қалалары мен Абай облысының бастауыш сынып педагогтері онлайн және оффлайн форматта ашық сабақтар мен шебер-сыныптар өткізіп, тиімді іс-тәжірибелерін ұсынды. №77 мектеп-гимназиясының педагогтері Lesson Study әдістемесі мен Action Research жобалары бойынша жұмыстарын таныстырды. Алматы қаласымен телекөпір арқылы сабақтар ұйымдастырылды.

Семинар аясында «Бала Абай» жобасы таныстырылып, сыныптан тыс іс-шаралар мен ашық сабақтар өткізілді. Сонымен қатар Семей қаласындағы Абай Құнанбаевтың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайымен онлайн байланыс орнатылды. «Педагогикалық SABAQTASTYQ» және «Балақайлар мектебі» жобаларының нәтижелері де көрсетілді.

Үйірме жұмыстары барысында «Тоғызқұмалақ», «Қолөнер», «Сазбен жұмыс» бағыттары ұсынылып, іс-әрекетті зерттеу жобалары бойынша кері байланыс жасалды.

Республикалық семинар жоғары деңгейде өтіп, қатысушы педагогтердің барлығына республика көлемінде іс-тәжірибе таратқаны туралы сертификаттар табысталды.