Меню KDT




№77 мектеп-гимназиясы енді Фариза Оңғарсынова есімімен аталады



Мектебімізге қазақтың  көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова есімі берілді.  Айта кету керек, бұл білім ордасы ақынның есімін 2022 жылдың 14 наурызынан бастап иеленіп келеді. Ал мектепке ресми берілуі Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы мен қала әкімдігінің «Білім беруді жаңғырту орталығының» ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткізілді.

Салтанатты шара аясында «Фаризатану» атты арнайы рухани-танымдық кабинет ашылып, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл кабинет ақынның өмірі мен шығармашылығын терең танытуға, жас ұрпақтың әдебиетке, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

№77 мектеп-гимназиясы таза қазақ тілінде білім беретін білім ордасы бола отырып, сонымен қатар шетел тілдерін тереңдетіп оқытумен ерекшеленеді. Фариза Оңғарсынова есімінің берілуіне орай мектеп қабырғасында республикалық ғылыми-қоғамдық конференция ұйымдастырылып, ел руханиятына үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдері бас қосты.

Шара дәстүрлі әрі тағылымды түрде мектеп ауласына тал отырғызудан басталды. Бұл – табиғатқа қамқорлық пен болашақ ұрпаққа аманат идеясының жарқын көрінісі болды.

Конференция барысында бірқатар мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Сарықызы Әйтімова «Ф. Оңғарсынованың сара жолы» тақырыбында сөз сөйлеп, ақынның ел руханиятындағы орнына кеңінен тоқталды. Ал Фариза Оңғарсынова атындағы жеке қордың директоры, ақынның туған сіңлісі Алмагүл Оңғарсынова «Фариза өлеңдерінің тақырыптық ерекшеліктері» атты баяндамасында ақын поэзиясының терең философиялық, азаматтық қырларын ашып көрсетті. Сонымен қатар №77 мектеп-гимназиясының директоры Байменова Гүлжамал Пердебайқызы «Қазақтың өр тұлғалы өжет қыздары (тарихта алтын әріппен аты қалған қазақ қыздары)» тақырыбында баяндама жасап, Фариза Оңғарсынованы қазақ қыздарының биік болмысын айшықтаған символдық тұлға ретінде танытты.

Республикалық ғылыми-қоғамдық конференция жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар тарапынан үлкен қолдау мен оң бағасын алды. Бұл шара Фариза Оңғарсынованың шығармашылық мұрасын дәріптеп қана қоймай, оның есімін ұрпақ санасына терең сіңіруге бағытталған маңызды қадам болды.

Осылайша, ұлт поэзиясының айбынды үні – Фариза Оңғарсынованың есімі №77 мектеп-гимназиясына сол күннен бастап ресми түрде беріліп, білім ордасы рухани жаңғырудың жарқын орталығына айналды.