«Кемелдену жолындағы Тәуелсіз Қазақ Елі» халықаралық-қоғамдық конференциясы
2021 жылғы 3 желтоқсанда №77 мектеп-гимназиясында Астана қаласы Білім басқармасы мен Білім беруді жаңғырту орталығының қолдауымен, мектеп-гимназия директоры Байменова Гүлжамал Пердебайқызының бастамасы және мектеп ұжымының бірлігі арқасында «Кемелдену жолындағы Тәуелсіз Қазақ Елі» тақырыбында халықаралық-қоғамдық конференция жоғары деңгейде өтті.
Іс-шара ғалымдар мен профессорларды, қаланың құрметті азаматтарын, шетелдік қонақтарды және қала мектептерінің ұланбасыларын біріктірді. Конференция онлайн және оффлайн форматта екі бөлімнен тұрды. Жиын Желтоқсан қаһармандарын еске алуға арналған бір минуттық үнсіздікпен басталды.
Конференцияның ашылу салтанатында белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері Амангелді Айталы ақ батасын берді.
Пленарлық бөлімде Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дарменяр Қадырбеков, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бағымкүл Көптілеуова, Білім басқармасы басшысының орынбасары Асыл Амангелдиева және Білім беруді жаңғырту орталығы басшысының орынбасары Сындар Дауешова мазмұнды баяндамалар жасады. Сондай-ақ академик, тарих ғылымдарының докторы Кәрібаев Берекет Бахытжанұлы, профессор Козодой Виктор Иванович (Ресей), «Болашақ» бағдарламасының түлегі, 77 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Алтайбек Нигмет және шетелдік ғалымдар Рашид Суюнчалиев (Дағыстан), профессор Михал Педераки (Польша) баяндама оқыды.
Заң ғылымдарының кандидаты, экс-сенатор Сабыр Қасымов оқушыларға ақ тілегін арнап, мектеп директоры Гүлжамал Пердебайқызының Желтоқсан оқиғасындағы ерлігін атап өтті. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары Қайырбек Кемеңгерұлы, Дихан Қамзабекұлы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы да жас ұрпаққа тағылымды ойларын жеткізді.
Іс-шара барысында мектеп оркестрі күй орындап, оқушылар хоры концерттік бағдарлама ұсынды. Ата-аналармен бірлесе дайындалған ұлттық тақиялар қонақтарға тарту етіліп, ұлттық құндылықтар дәріптелді.
Екінші бөлімде қала және өзге өңір мектептерінің ұланбасылары ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғап, үздік еңбектер Білім беруді жаңғырту орталығының Алғыс хаттарымен марапатталды.
